Abstract:
Мақалада стационар жағдайындағы жайлылық, гигиеналық, тазалық, қауіпсіздік және функционалдылық деңгейлерін арттыруға бағытталған аурухана пациенттеріне арналған инновациялық арнайы киімді дайындау процестері қарастырылған. Арнайы пациенттер киімінің қолданыстағы модельдеріне толық жүйелік талдау жүргізіліп, олардың негізгі кемшіліктері анықталды, яғни қозғалыс шектеулігі, күтім жасау қиындықтары, ауаөткізгіштігінің төмендігі, әртүрлі клиникалық және климаттық жағдайларға төмен бейімделуі, сондай-ақ пациенттер мен медицина мамандары үшін ыңғайсыздық. Зерттеу негізінде модульдік қол жеткізу жүйесі, магниттік қапсырма және адаптивті желдету панелі бар арнайы киімнің жаңа моделі ұсынылды. Жаңа инновациялық арнайы киім жеңіл қолданысты, микроклиматты жеке реттеуді, эргономиканы және жалпы ыңғайлылық деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар пациенттер мен медицина саласының мамандарының арасында материалдарды, түстік шешімін, пайдалану ыңғайлылығы, функционалдылығы мен эксплуатацияға төзімділігі бойынша кешенді сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде жеңіл, микробтарға қарсы және ауаөткізгіштігі мен гигроскопиялығы жоғары маталарды қолданудың қажеттілігін растайтын талдау нәтижелері ұсынылған. Дайындалған арнайы киім моделі QR-код арқылы сандық сәйкестендіру жүйесімен жабдықталған, бұл пациенттер туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізіп, олардың жағдайын қадағалауды қамтамасыз етеді және медицина мамандарының жұмыс тиімділігін арттырады. Зерттеу жұмысының жаңалығы аурухана пациенттеріне арналған арнайы киімді жобалауға медициналық, эргономикалық және технологиялық шешімдерді біріктіретін кешенді көзқарас болып табылады.