Abstract:
Ет өнімдерін өндіру саласында ет шикізатын механикалық ұсақтауға арналған жабдықтар кеңінен
қолданылады, олардың ішінде еттартқыштар негізгі орын алады. Ұсақтау процесінің тиімділігі мен
кинетикалық заңдылықтары шикізатты тасымалдау және кесу тораптарының конструкциялық
элементтері арасындағы өзара әрекеттесу жағдайларына, сондай-ақ өңделетін еттің физика-химиялық
қасиеттеріне тәуелді болып келеді. Зерттеу нысаны ретінде ет шикізатын ұсақтауға арналған
эксперименттік қондырғының кесу жүйесі (тор) және әртүрлі ет шикізаттары, атап айтқанда сиыр, қой,
жылқы, шошқа және тауық еттері таңдап алынды. Зерттеу жұмыстары барысында ет шикізатының
химиялық құрамы талданып, ұсақтау нәтижесінде алынған фарштың гранулометриялық құрамының
өзгеру заңдылықтары анықталды. Сонымен қатар эксперименттік қондырғының технологиялық
көрсеткіштері — өнімділігі мен энергия шығынына әсер ететін қуат көрсеткіштерінің өзгерісі зерттелді.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – еттартқыштың кесу механизмі құрылымын жетілдіру арқылы ет
шикізатын ұсақтау процесін тиімділеу. Зерттеу еттің құрылымдық-механикалық қасиеттерінің ұсақтау
процесінде қалай өзгеретінін және процестің технологиялық параметрлерін анықтауға негізделген. Қазіргі
қолданылатын еттартқыштардың кесу механизмдері талданып, олардың артықшылықтары мен
кемшіліктері анықталды. Осы талдауға сүйене отырып, еттартқыштың торлық құрылымын жетілдіру
үшін жасалған тор ұсынылды. Зерттеу барысында кесу процесінің теориялық негіздері қарастырылып,
эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Хаген–Пуазейль теңдеуі қолданылып, волчок торының өткізу
қабілеті есептелді, ұсақталған өнімнің гранулометриялық құрамы зерттелді. Сонымен қатар,
шикізаттың ылғалдылығы, май және күл мөлшері анықталды. Бұл көрсеткіштер еттартқыштың
жұмыс тиімділігін бағалауда маңызды фактор болып саналады.